Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» заңының жобасы

А. Бактанұлы

/ #48 «Ұлт тағдыры» клубының кезекті отырысы

2011-11-21 14:26

Жуырда, 21 қараша күні, С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында «Ұлт тағдыры» Павлодар облыстық пікірсайыс клубы «Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» заңының Жобасы» бойынша дөңгелек үстел өткізді. Оған Павлодар және Ақсу қалаларындағы қоғам белсенділері, шығармашыл зиялылар, ғалымдар, тіл жанашырлары қатысты.
Клуб жетекшісі Арман Қани «Жобаның» жалпы сыр-сипатын әңгімелеп, осы құжатты дайындаған жұмысшы тобының құрамы туралы айта келіп, пікірсайыс тудыратын ойларды ортаға тастады. Атап айтқанда, ол былай деді: «Кейбіріміз мемлекеттік органдарды, сонан соң бірімізді-біріміз сынаудан артық қимылға бара алмай жүрміз. Рас, сын керек-ақ, бірақ біреулерді сынау үшін өзің де бір іс тындыруға тиістісің ғой. «Жобаның» мән-маңызын халыққа түсіндіру жұмысын жүргізу және оның Заң ретінде қабылдануы үшін билікке ықпал ету негізінен ұлттық бағыттағы қоғамдық ұйымдардың еншісіне тиеселі. Басқаша айтсақ, мына отырған бәріміз мойнымызға жауапкершілік жүктеуіміз керек».
«Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық қозғалысы облыстық филиалының төрағасы Руза Бейсенбайтегі, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының Басқармасы мүшесі, «Азат» қоғамдық қозғалысының ардагері Науқанбек Рысбай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақын Алақанұлы, «Ұлт тағдыры» қозғалысы Ақсу қалалық бөлімшесінің мүшесі, «Аттан» қозғалысының ардагері Қанатбек Нәбиев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қайырболат Нұрбаев, «Азат» қоғамдық қозғалысының және журналистика ардагері Социал Әйтенов, «Азат» қоғамдық қозғалысы облыстық ұйымының төрағасы Қабдырахман Сейілғазин, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысы облыстық ұйымының үйлестірушісі Светлана Қондыкерова, «Ұлт тағдыры» облыстық пікірсайыс клубының мүшесі, «Азат» қоғамдық қозғалысының ардагері Айдарғазы Мәкешев, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының мүшесі Төлен Рамазанұлы және өзге де тіл жанашырлары сөз сөйлеп, «Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» заңының Жобасы» туралы толымды пікір білдіріп, толықтай қолдайтынын жария етті.
Пікірсайысқа қатысушылар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылдануға тиісті Заңның жобасы енді ғана дайындалғанына бір жағынан қынжылыс білдірсе де, екінші жағынан «Ештен кеш жақсы» деген аталы сөзге тоқталды. Сондай-ақ өте ғылыми негізделіп, заңдық актілерге сүйеніп дайындалған Заң жобасының осы нұсқасының қабылдануына кедергі келтіруші топтар әлі бас көтереді деген күдіктері бар екенін де жасырмады. Тілге қатысты Заңдар мен Тіл саясатының мемлекетқұраушы ұлттың мұрат-мүддесіне сәйкес қабылдануы үшін түрлі тетіктерді пайдалану қажет деген батыл ойлар да айтылды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның территориялық тұтастығының және ұлт мәдениетінің сақталуы мен дамуының басты шарты – қазақ тілі болып табылатыны айқын көрініс тапқан осы Жобаның Заң ретінде қабылдануына Президент әкімшілігі және Мәдениет министрлігі тарапынан тиісті қолдау көрсетілуі жөнінде өтініш хатқа ұйымшылдықпен қол қойды. Сонымен қатар, бірнеше азамат осындай мағынадағы өтініш хаттарға қол жинайтынын айтып, ертеңгі күннен бастап іске кірісетінін мәлімдеді.
«Ұлт тағдыры» облыстық пікірсайыс клубының жетекшісі Арман Қани дөңгелек үстелді қорытындылап, отырыстың сапалы әрі нәтижелі өткенін атап көрсетті.
Дөңгелек үстелге облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім меңгерушісі Мәулен Аханов және облыс ішкі саясат басқармасының бас маманы Ержан Төкенов қатысты.